Талдықорғанда 200-ден астам пәтерге қатысты құжаттар сотта қаралып жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда 200-ден астам пәтерге қатысты құжаттар сотта қаралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда 200-ден астам пәтерге қатысты құжаттар сотта қаралып жатыр

Бұл жөнінде облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев мәлім етті.

«Облыс орталығы Талдықорғанда тұрғын үйге қатысты мәселелер халық арасында көп уақыттан бері наразылық тудырып келді. Оның біріншісі – бұрын мыңнан астам пәтер заңсыз беріліп, тұрғындар құжаттарын заңдастыра алмаған.

Қала әкімдігімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесе осы бағытта біршама жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күнге, 750 пәтер заңдастырылды (541 – пәтер иесіне рәсімделді, 213-ы – мемлекеттік органдар балансына өткізілді). 200-ден астам пәтерге қатысты құжаттар сотта қаралуда»,- деді ол.

Пәтерлерді заңсыз үлестіру бойынша қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Әкімдіктің бұрынғы лауазымды тұлғасы мен ортадағы делдал «үй қамағында» ұсталуда.

Екіншісі, кезекке қатысты.

Кезінде пәтерге кезек жүйесі бұзылып, 1 700 адам одан тыс қалды.

«Себебі былтыр қала халқымен кесдесуде және басқа да жиындарда облыс прокуроры бірнеше мәрте айтып өтті (2019-2020 жылдары кезекті электрондық форматқа ауыстыру барысында орын алған олқылықтар). Бұл жұмыс та қолға алынды. Осы күнге дейін 1 400 адам кезекке қайта қойылды.

Қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда.

Үшіншісі, әлеуметтік осал топқа арналып салынған «Коттедж қалашығының» құрылыс сапасына қатысты. Мәселе тұрғындар арасында көп наразылық тудырды«,- деді Мадияр Басшыбаев.

Оның сөзінше, 230 үйдің сапасын прокуратура тексеріп, жарты миллиард теңгеден астам сомаға орындалмаған құрылыс жұмыстарын анықтады.

Қылмыстық іс қозғалып, қазір арнайы прокурорлармен тергелуде.

Тергеу аясында, бірнеше адамдар ұсталып, қамауға алынды. Олар - әкімдіктің 3 лауазымды тұлғасы мен техникалық қадағалауды жүзеге асырушы 2 маман.