Талдықорғанда ақ түсті жылқылар өсірілуде
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда жылқының жаңа тұқымын шығару жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облысының орталығында 17 жылдық тәжірибеден кейін Қамбар ата түлегінің жаңа түрі пайда болды. Бұл жылқылардың сыртқы ерекшелігі түсі ақ, көздері шағыр болады. Алтын түсті жалы бар, көздері не көк, не сұр емес тұлпарларды осы уақытқа дейін «альбинос» немесе «изабелла» түстес деп атап келді. Жалпы көздері шағыл, өң бойы ақ аттар табиғатта сирек кездеседі. Алайда жылқышы Александр Софин мұндай жануарларды топтастырып, ғылымға бір жаңалық енгізбек ниетте. Қазір ол өз шаруашылығында өңі ақ, көздері көгілдір түсті жылқылар санын 50-ге жеткізіп отыр. Шаруаның бұл бағытта жұмыс істеп жатқанына 17 жылдан асты. Қазіргі таңда ақ жылқының бірнеше буынын өсіріп, олардан түр-сұрпаты айнымайтын құлындар алуда. Александр Софиннің мақсаты - қазақ жылқысын танымал ету. Сондықтан қазір селекциямен айналысып жатыр. Бірінші кезекте типін шығарып, одан кейін бөлек тұқым ретінде сұрыптап алу жұмысы тұр. Ақ түсті немесе изабелла түсті жылқының басты ерекшелігі оның көгілдір көздерінде болмақ. Шаруаның бұл ізденісіне ғалымдар да қызыға қарауда. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, болашақта сүле немесе тип, тіпті жаңа тұқым ретінде тіркеуге болатынын айтуда. Профессор Болатхан Махатұлы, ақ жылқыны сұрыптап шығарып алып, ұрпағына сол түсті таза беріп отыратындай жағдайға жеткізу керек дейді. Тек сол жағдайға жеткізгенде ғалымдардың да жұмысы зая кетпейтін болады. Әмбе шаруа қожалық иесі де көздеген мақсатына жетпек. Қазіргі таңда барлық сараптамалар Қостанайдағы ғылыми зерттеу институтында жүргізілді. Ал сараптамаға қажет материалдар Чехиядан алынды.
Осылайша қазір ақ жылқылардың жеке сүлесі ғалымдармен расталып отыр. Бірақ толық тұқым ретінде шығару үшін әлі де талай жұмыс пен уақыт және қаржы қажет. Аграрлық университет мамандарының есептеуінше бұл жұмыстарға 250 млн теңгедей қаржы керек. Егер қаражат табылса ақ жылқылардың жаңа тұқымын әлемге 2020 жылы таныстыруға болады. Жалпы бұл жылқылардың өзгелерден тек түр-түсімен ғана емес, жеке қасиеттерімен де ерекшеленді. Оны малдың басы-қасында жүрген жылқышылар байқап келеді. Мәселен жылқышы Данияр Матайбаев бұл тұлпарлардың ештеңеден қорықпайтынын, үрікпейтінін, шыдамдылығы мен шапшаңдығын ерекше бағалап отыр. Және бір қасиеті тез үйретіледі. Софиннің жылқылары Талдықорған қаласында өтетін түрлі мерекелік шараларға қатысады.
Сөз соңында айтарымыз, қазақ халқы ақ түсті жылқыларды ерекше бағалаған. Ел басқарған хандар мен билерге ақ боз ат мінгізіп құрметтеген. Александр Софиннің бұл жылқылары ғылыми тұрғыда дәлелденіп тіркелсе, қамбар ата төлінің жаңа түрі брендке айналарына сенім мол.