Талдықорғанда әр саланың ең үздік маманы анықталды

«Ең үздік мүғалім» номинациясында Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылындағы Е. Берліқожаұлы атындағы № 11 орта мектептің ұстазы топ жарды. 57 жастағы Бақытжан Сүлейменова жоғары санаттағы бастауыш сынып мұғалімі. Ал «Ең үздік дәрігер» аталымы Талдықорған қалалық емханасының акушер-гинекологы Жанат Жүнісхановаға бұйырды. «Ең үздік учаскелік инспектор» номинациясын 1991 жылғы Мирас Асқаров жеңіп алды. Ол №6 учаскелік пунктінің полиция капитаны. Сондай ақ, «Ең үздік аула күтуші» болып Асхат Абдрахманов, қоғамдық көлік жүргізушілердің ішінен Әлібек Әбілдаев жеңімпаз атанды. Жалпы байқауға қатысушылар бас-аяғы 9 номинация бойынша сынға түсті. 
Айта кетейік, бүгін талдықорғандықтар қала күнін тойлап жатыр. Шаһар күніне арналған мерекелік шаралар 8 қыркүйектен басталды. Түрлі шығармашылық байқаулар, шеберлік сабақтар, ретро концерттер мен спорттық сайыстар, танымал тұлғалармен кездесулер, әлеуметтік нысандардың ашылуы сынды көптеген шаралар биылғы мерекенің сәнін кіргізді.

