Талдықорғанда ардагерлер мен тыл еңбеккерлері «Қара жорға» биледі (ФОТО)
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қабылдады.
«Ұлы Отан соғысы адамзат тарихына миллиондаған өмірді қиған үлкен трагедия болып енді. Фашистік идеология жалыны көптеген қалалар, ауылдар мен кенттердің күл-талқанын шығарды. Жақсы қаруланған жау бар күшін біздің Отанымызды басып алуға бағыттады. Аталарымыз бен әжелеріміз Отанды қорғау жолында ерлігін көрсетті. Қазір әр жанұя аспанға қара бұлт төнген кезде туған жерді қорғаған туыстарын мақтан тұтады. Соғыс әр отбасыға әсер еткендіктен, Жеңісті тойлау біз үшін маңызды», - деді Бағдат Қарасаев.
Мерекелік шарада «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері өнер көрсетті. Ансамбльдің би тобы «Қара жорға» биін биледі, оларға ардагерлер мен тыл еңбеккерлері де қосылды.
Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңге көлемінде сыйақы мен азық-түлік салынған себет табыстады.