Талдықорғанда әуежай қоймасындағы өртте құрбан болған азаматқа батыр атағы берілуі керек - марқұмның анасы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған әуежайының қоймасындағы өрттен құрбан болған азаматқа батыр атағы берілуі керек. Өйткені, олар өз өмірлерін қатерге тігіп, үлкен апаттың алдын алды. Өрт салдарынан қаза тапқан марқұм Рахат Кәметаевтың туыстары осы мәселені көтерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Талдықорғанда әуежай қоймасындағы өртте құрбан болған азаматқа батыр атағы берілуі керек - марқұмның анасы

Еске сала кетейік, өткен бейсенбіде Талдықорғандағы әуежай қоймасында болған өрттен бір адам қаза тауып, екіншісі ауруханада жатыр. Қазір денесінің 87 пайызын күйік шалған азаматтың өміріне араша түсу үшін Алматыдан арнайы дәрігерлер шақырылған. Ал марқұм Рахат Кәметаевтың анасы ұлының ерлікпен қаза тапқанын айтуда. «Егер Рахат дер кезінде шешім қабылдамағанда, 600 тонна керосин сақталған цистерналар жарылып, бүкіл әуежай отқа оранатын еді», - дейді марқұмның туыстары. 

null

Расында, өрт әуежайдағы жанар-жағармай қоймасында болған. Жанармай құятын көлік және сорғы стансасы отқа оранып, сол жерде ішінде бірнеше тонналық жанармай сақталған алып цистерналар тұрған екен. Ал егер оны өрт шарпыса жағдайды тіптен көзге елестетудің өзі қиын. Сондықтан Рахат Кәметаев пен  Рүстем Мұсабековтің көзсіз ерлігін әуежайдың президенті де мойындап отыр.

«Өте батыр жігіттер. Өздерінің күшімен крандарды, ар жағынан келетін керосиннің, құбыр сымдарын бәрін  жауып тастады. Соның арқасында үлкен жарылыс болмады деп ойлаймын. Расында, оларға өз бастарын арашалап қашып кетулеріне де болатын еді. Қашып кетсе, онда жанармай сақталған 600-ге жуық тонна керасин жарылып, арты не болатынын көзге елестетудің өзі сұмдық еді», - дейді «Жетісу» АҚ авиакомпаниясының президенті Қалмұханбет Дөңсебаев. Ал Рахат Кәметаев пен  Рүстем Мұсабеков өз өмірлерін қатерге тігіп, мемлекеттің 3-4 млрд теңге жуық мүлкін  сақтап қалған.

null 

Айта кетейік, өрт салдарынан марқұм болған  Рахат Кәметаевтың артында үш баласы және жары қалды. Ал өрттен денесінің 87 пайызы күйген Рүстем Мұсабековтың жағдайы өте ауыр. Науқас 4 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр.

Қазіргі күні әуежайдағы жанар-жағармай қоймасында болған өрттің себебі анықталып жатыр. «Зардап шеккен және қаза болған азаматтың отбасыларына өтемақы беріледі», - дейді әуежай басшысы. 
Еске сала кетсек, 1979 жылғы Рүстем Мұсабеков жанар-жағармай технигі ал, 1973 жылғы Рахат Кәметаев әуе қауіпсіздігі қызметінің инспекторы болып жұмыс істеген.

null