Талдықорғанда бензин тапшы болып тұр

 ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында бензин тапшы. Ал шаһар бойынша 28 жанар-жағармай сататын бекет болса, оның 25-інде бензин тек талонмен ғана беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда бензин тапшы болып тұр

Қазір Талдықорған бойынша тек «Газпромнефть» бензин құю бекетінде сұйық отын еш кедергісіз сатылуда.  Қазір осы бекеттің алдында ұзын-сонар  кезек қалыптасқан. Талдықорғандық Серік Бекішев бүгін сұйық отынды сатып алу үшін ол жерде екі сағаттан астам уақытын жоғалтқанын айтады.

«Бүгінгі күні еліміздегі   Павлодар жанар-жағармай өңдеу зауытының  уақытша жөндеуден өтуіне байланысты, қазір тек  біздің қаламызда ғана емес барлық облыстарда осындай жағдай. Осыған  байланысты біздің  Талдықорғанда да жанар-жағармайға біраз тапшылықтар болып жатыр. Бүгінгі күні қаламызда 28 жанар-жағармай сату бекеті тіркелген. Оның ішінде бензинді үздіксіз сатып жатқан «Газпромнефть»  бекеті. Осы кәсіпорынның қаламыз бойынша үш нүктесі бар. Ол жерлерде бензин еш кедергісіз сатылуда. Ал 25 бекетте бензин талон арқылы беріліп жатыр», -  деді Талдықорған қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбол Қалиахметов.

Халық жаппай кезекке тұрған «Газпромнефть» бекетінде  АИ 92  бензині 156 теңгеге, ал  АИ  95 -  166 теңгеге бағаланған. Ал Талдықорған қалалық кәсіпкерлік бөліміндегілер бензин тапшылығы осы аптада шешіліп қалады деген үмітте.