Талдықорғанда бірнеше шағынауданда тұрғындар көгілдір отынсыз отыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының бір бөлігінде газ берілмей қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда бірнеше шағынауданда тұрғындар көгілдір отынсыз отыр

1 қараша күні жер астындағы жартылай қысымдағы құбырлардың бірінен газ шығып жатқаны анықталып, 750-ден астам үйге тіршілік көзін беру тоқтатылды.

Апаттың алдын алу мақсатында бірнеше шағынауданның да газ тарату жүйелері автоматты түрде өздігінен өшіп қалды.

Қазіргі таңда газ таратушы мекеме апаттың себеп-салдарын нақтылап, ақауды жоюға кірісті.

Бірақ тұрғындардың көгілдір отынға қашан қайтадан қосылатынын дөп басып айту қиын дейді мамандар.

Жұмыстың ауқымын білу үшін алдымен ақаудың көлемін нақтылап алу керек.

«Нақты уақыты әзірге белгісіз. Өйткені мына ақауды тауып, оның материалын анықтау қажет. Содан кейін анық болады»,- деді апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы Бейбарыс Тілеубаев.