Талдықорғанда былтыр ғана төселген плиталар қайта ауыстырылып жатыр

  ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанның  орталық алаңындағы плиталар бір жылға  жетпей қирап қалды. Қазір бүлінген плиталарды қайтадан ауыстырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда былтыр ғана төселген плиталар қайта ауыстырылып жатыр

Былтыр жыл соңында орталық алаңға күрделі жөндеу жұмыстарын «ДСУ 13» АҚ жүргізген болатын. Аталған компанияның атқарған ісі бір жылға да жетпей сыр берді. Қазір алаңдағы плиталар сынып, жарылып, бүлінген. Енді арнайы кепілдемеге сәйкес компания ауыстыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр.

««ДСУ 13»  АҚ жұмысына екі жылдық кепіл берген. Оның уақыты біткен жоқ. Сол себепті олар  өз қаражатына ауыстырып жатыр. Өйткені, төселген плиталардың көбісі қираған, бүлініп кеткен», деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі Данияр Сейсенбаев.

Қазір бұл жайт талдықорғандықтардың арасында қызу талқыланып жатыр. Тұрғындардың басым бөлігі бір істі екі рет жасап, шығынға батып жатқан компанияға бұл жайт сабақ болады деген ойда. Себебі, мердігер орталық алаңға күрделі жөндеу жұмыстарын күздің қара суығында жүргізген болатын. Еске салайық, талдықорғандықтар былтыр бұл төсеніштер ауыстырып жатқанда да әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын білдірді.

«Жаңа плиталарды ауыстырғанша, ойдым-ойдым сапасыз жолдарды жөндесе» деген еді.