Талдықорғанда Цифрлық ХҚО ашылды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.

Талдықорғанда Цифрлық ХҚО ашылды

Онда мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылады. Бұл процеске операторлар қатыспайды, тек кеңес беруші мамандар қызмет түрлерін алу бойынша кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келушілер мемлекеттік қызметті «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алып, видеқоңырауға арналған бөлмеде мемлекеттік органдардың басшыларына өз сауалдарын жолдай алады.

«Цифрлық сауатты болуды әр адам өзінен бастауы тиіс. Көптеген қызмет түрлері электрондық форматқа ауысты, бұл азаматтардың қызметтерді тиімді жолмен әрі тез алуына ықпал етті. Жаңа үлгідегі ХҚО-да халықтың цифрлық сауатын ашу мақсатында тегін оқу сыныбы ұйымдастырылған. Оқу дәрістері аптаның әр күнінде бекітілген тақырыптар бойынша сағат 9:00-ден 20:00 аралығында жүргізіледі. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқу сыныбында фронт-офис мамандары азаматтарға egov.kz порталын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы пайдалану жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге өз бетінше қол жеткізуді үйретеді. Бір сағатты құрайтын сауат ашу курсына кез келген адам қатыса алады», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.null 

Айта кетсек, дәл осындай Цифрлы ХҚО биыл еліміз бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Атырау қалаларында ашылған.null 

Бүгінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиалы 4 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 60 пайызы электрондық форматта ұсынылған.

Осыған дейін Алматы облысында терроризмнен қорғану талаптарын сақтамаған 31 нысанға айыппұл салынғандығы хабарланған болатын.

null