18:40, 13 Шілде 2017 | GMT +5
Талдықорғанда ЭКСПО-ны сылтауратып ақша жинаған алаяқтар пайда болды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда белгісіз біреулер қала әкімідігінің атын жамылып, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында шаһарға құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет деген желеумен халықтан ақша жинап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдікке шағымданған тұрғындардың бірі көшеде 3 қыз бала мен 2 ер бала қолдарына парақшалар ұстап, кемінде 500 теңге өткізу керек деп жүргенін ескертті. Қазіргі таңда ақпаратты нақтылау үшін құзырлы органдар араласты. Ал парақшада Елбасының Жарлығымен 2017 жылдың 10 шілдесінен бастап ел аумағында көркем қала науқаны басталды делінген. Осыған орай әрбір қала тұрғыны 500 теңгеден қаржы өткізу керек деп жазылған. Қатеге толы бетте бұл қаражат аулаларды жөндеуге және бейнебақылау камераларын орнатуға жұмсалатындығы айтылған.
Талдықорған қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын сақ болуға шақырады. Егер де осындай алаяқтарға жолығып қалған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарлауды сұрайды.