Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген әкімдік ғимараты 4,7 млрд теңгеге жөнделуде

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген облыстық әкімдік ғимаратын қалыпқа келтіруге 4 млрд 758 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген әкімдік ғимараты 4,7 млрд теңгеге жөнделуде

Облыстық құрылыс басқармасының ҚазАқпарат тілшісіне берген мәліметінше, жөндеу жұмыстары толықтай 30 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Ал бұл мекеменің жалпы аумағы - 9 793,9 шаршы метр, 6 қабаттан тұрады.


Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген екінші мекеме - қалалық полиция басқармасының ғимараты. Мұнда да жөндеу жұмыстары мекеменің іші-сыртында жүргізіліп жатыр. Ішкі жұмыстар аяқталуға жақын қалған. Ғимараттың қабырғалары сыланып, жаңадан есіктер қойылған. Ал жөндеу жұмыстарына 795 млн теңге бөлінген. Бұл ғимарат келісім-шарт бойынша 30 тамызда толықтай жөнделіп, бітуі керек.


Сонымен қатар, шаһарда бүлікшілер қиратқан үшінші ғимарат - «Аманат» партиясының облыстық филиалының кеңсесі. Бұл кеңсенің үшінші қабаты өртеніп, есік-терезелері сынып, жиһаздары бүлінген. Оны қалыпқа келтіру үшін демеушілердің есебінен 219 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталды.