Талдықорғанда қоқыс сұрыптау цехы ашылды
Компания жетекшісі Ерлан Дүйсебаевтың айтуынша, бұл цех үлкен жобаның тек бірінші кезеңі ғана.
«Қоқыс өңдеу зауытының жалпы құны 1 млрд 400 млн теңге. Алғашқы кезеңге 250 млн теңге инвестиция құйып отырмыз. Нәтижесінде біз темір қалдықтарын, пластмас және целофан бұйымдарын, сондай-ақ қағаз қалдықтарын өңдейтін боламыз. Өңделген бұйымдарды біз шикізат ретінде тиісінше зауыттарға өткіземіз. Бұл жобаға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ерекше мән беріп, барынша қолдау танытып отыр. Зауыт толық қуатымен жұмыс істегенде 170 адамға тұрақты жұмыс табылатын болады»,- дейді инвестор.
Цехтың ашылуына арнайы келген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов мұндай кәсіпорынның экологияны сақтаудағы маңызына тоқталды.
«Қаладан күніне 80-100 тонна қоқыс шығады. Оларды қайта іске жарату мәселесін Елбасының өзі көтерген болатын. Бұл - Президент тапсырмасының нақты жүзеге асқанын көрсетеді. Талдықорған - таза қала. Мұндай өндіріс орындары қаланың тазалығын тіптен жоғары деңгейге көтереді»,- деді қала басшысының орынбасары.
Айта кету керек, Талдықорғанда қала күніне арналған мерекелік шаралар 8-ші қыркүйектен басталды. Түрлі шығармашылық байқаулар, шеберлік сабақтары, ретро концерттер мен спорттық сайыстар, танымал тұлғалармен кездесулер, әлеуметтік нысандардың ашылуы, кәсіпорындардың тұсаукесерлері секілді көптеген шаралар биылғы мерекенің сәнін кіргізетін болады. Ал, негізгі мереке 30-қыркүйекте сағат 10-00-де қаланың орталығынан басталып, Жастар спорт сарайының маңы мен «Жастар» саябағында жалғасады.