Талдықорғанда көпқабатты үйде жарылыс болып, екі адам зардап шекті

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқыс оқиға екі қызметкер газдың есептеуіш құралын ауыстырып жатқанда болған. Ресми мәлімет бойынша, газ орталықтандырылған жүйеге қосылған.
«Оқиға Талдықорғандағы «Жетісу» ықшамауданында болды. Кешкі сағат 19:00 шамасында бес қабатты үйден 15 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 6-ауы – балалар. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің 21 қызметкері мен жедел жәрдем, полиция өкілдері және 7 техника жөнелтілді. Зардап шеккен екі қызметкердің жағдайы тұрақты. Олар «Тавиди» ЖШС-ның жұмысшылары. Газ-ауа қоспасының жарылысынан өрт туындаған жоқ. Терезелері ғана сынды. Басқа пәтерлерге залал келген жоқ», - деді аталған ведомствоның баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.