Талдықорғанда қойма өртеніп, төрт газ баллоны шығарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда қойма өртенді. Өрт 500 шаршы метрге жуық аумақты шарпыған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құтқарушылардың диспетчерлік пунктіне 24 мамыр күні таңғы сағат 5.40-та Құрманов көшесіндегі ғимараттардың бірі өртеніп жатөаны ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаудың бетін қайтарып, қызыл жалынның басқа да тұрғын үйлерге өтіп кетуіне жол бермеді. Сондай-ақ құтқарушылар ғимараттан төрт газ баллонын шығарып, жарылыстың алдын алды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазіргі таңда өрттің неден шыққанын жылжымалы зертхана мамандары анықтап жатыр.
«Өрт тараған аумақ – 495 шаршы метр. Тілсіз жаумен күресуге жеке құрамның 40 қызметкері мен 9 бірлік техника тартылды. Сондай-ақ жедел әрекет ету қызметтерінің мамандары жұмылдырылды. Өрттің басқа ғимараттар мен тұрғын үйлерге таралуына жол берген жоқпыз»,- деді Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Азамат Ержанұлы.

