Талдықорғанда массажист мамандығын меңгерген зағип жандарға диплом тапсырылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда массажист мамандығын меңгерген зағип жандарға диплом тапсырылды. Жаңа бөлімнің алғашқы 7 түлегіне диплом тапсыру рәсімі облыстық театрдың үлкен сахнасында сән-салтанатпен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Енді түлектер емдеу-сауықтыру мекемелеріне барып, массажист мамандығы бойынша қызмет етеді. Мамандардың айтуынша, зағип жандардың саусағында сезімталдық қасиет басым. Сондықтан олардан жақсы маман шығады. 
«Осы массажист бөлімінің ашылғаны, біздер сияқты жандарға жаңа мүмкіндік берді. Біз жұмыс жасағымыз келеді. Осы массажбен көптеген балалар өзінің осы өмірдегі орнын тауып, жұмысын жасайды», дейді колледж бітіруші түлек Қуаныш Қапанов. 
«Ал жаңа оқу жылында қабылданатын талапкерлердің қатары екі есе көп болатын сыңайлы. Өйткені республиканың әр аймағынан өтініштер түсуде», - дейді колледж басшылығы. 
Айта кету керек, екі жыл бұрын Талдықорған медициналық колледжінде зағиптарға арналған бөлім ашылған болатын. Жаңалықты қуана қабылдаған талапкерлер оған оқуға түсіп, массажист мамандығының қыр-сырын үйренді. Оқу ғимаратының бірінші қабатынан оларға арнайы аудитория бөлінді. Жанында лингофон кабинеті бар. Сабақ көбінесе аудиотаспаларды тыңдау арқылы жүргізілді.