Талдықорғанда менингитке шалдыққан баланың жағдайы жақсарып келеді
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғандағы №1 балабақшаның тәрбиеленушісі менингит ауруына шалдығып, ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Лейла Серікбаева ауруханада ем қабылдап жатқан баланың жағдайы қалыпты екенін айтты.
«2012 жылғы балаға менингит диагнозы қойылды. Жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Ыстығы түсті. Бала тамақтана бастады. Қазіргі таңда Талдықорғандағы №1 балабақша жұмысын жалғастырып жатыр. Тәрбиеленушілері мен қызметкерлері күнделікті тексерістен өтеді. 249 баладан сынама алынды. 58 қызметкерден анализ екі мәртеден алынды. Барлық жағдай қатаң бақылауда. Ал 30 маусым күні дәл осы балабақшаның тәрбиеленушісі ауырып, ауруханада көз жұмған болатын. Нақты баланың неден қайтыс болғанын әзірге айта алмаймыз. Бірақ алдын ала болжам бойынша менингококцемияның жедел формасы деген диагноз қойылды», деді Лейла Серікбаева.
Сонымен қатар басқарма өкілі, қазіргі таңда балабақшаға карантин жарияланғанын мәлім етті.
«Барлық ата-аналарға және осы мекеменің қызметкерлеріне балаларды өзге мекемеге ауыстыруға болмайтынын ескерттік. Айта кетейін, осы балабақшаның балалары күнделікті тексерістен өтіп тұрады», деді ол.
Ал қалалық әкімдік фейсбук желісіндегі парақшасында осы жайтқа байланысты ресми түрде мәлімдеме жасаған.
Бүгінде әлеуметтік желілерде Талдықорғандағы балабақшалардың бірінде кішкентай сәби көз жұмды деген қауесет тарап жүр. Ақпараттың ақ-қарасына тоқталып өтелік. 30-маусым күні Талдықорғандағы Алматы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде талдықорғандық бүлдіршіннің көз жұмғаны рас. Бірақ, балабақшада емес, аурухана ғимаратында.
«Балабақша жасындағы бүлдіршінді таңертеңгі тексеру кезінде ешқандай дерттің белгісі болмаған. Түскі ұйқыдан кейін, яғни балалар үйге қайтар уақытта баланың қызуы көтеріліп тұрғаны байқалды. Дереу, анасына хабарласып, баланың денсаулығы болмай тұрғынан айтып хабарластық. Әрі, дене қызуын түсіретін дәрі беріп, балаға барынша көмек жасадық» дейді балабақша меңгерушісі.
Оның айтуынша, баланы анасы сағат 18-20-лар шамасында алып кеткен. Қызуы қайта көтерілген соң да анасы дәрі берген. Түнгі үш жарымдар шамасында баланың қызуы қайта көтерілген кезде анасы жедел жәрдем шақыртып, баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Мұнда да, балаға жан-жақты көмек көрсетілген. Бірақ, сағат 4-20-лар шамасында сәбидің өмірі үзіліп кетті.
Оқиға болған күні Талдықорған қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары балабақшаға барып, науқастан көз жұмған баламен қатынаста болған барлық баладан менингит жұқпасына бактериологиялық жағынды арқылы сынама алды. Талдықорған қалалық емханасының мамандары бақшадағы барлық қызметкерлер мен балаларды арнайы медициналық бақылаудан өткізді. Бақшаға келмей қалған балалардың үйлеріне барып, сынамалар алынды. Сараптаманың қорытындысы әлі толық дайын емес. Алдын ала мәліметтер бойынша, тексерілген балалардың бірінен менингит жұқпасы анықталған. Қазір бала ауруханада жатыр. Дәрігерлер, бүлдіршіннің денсаулығы қалыпты екенін айтып отыр. Ал, қызметкерлерден дерт анықталмады.
«Менингитке қарсы іс-шаралар қаланың барлық балабақшаларында жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда. Ата-аналардың алаңдауына еш негіз жоқ»,- дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов.
Оқиға Талдықорғандағы № 1 балабақшада болған. Көз жұмған сәбидің аты-жөні Махмұт Арыстанбек. Қазаға орай Талдықорған қаласының әкімдігі марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады. Берік болыңыздар!.
«Оқиға туралы ресми мәлімет осындай. Әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әртүрлі ақпарат таратып, тұрғындарды үрейлендіріп жүргендерді ҚР Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартатынымызды ескертеміз! Әркім өз сөзі үшін жауапты!», делінген қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.