Талдықорғанда менингококк инфекциясымен 3 адам ауырып жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында менингококк инфекциясын жұқтырған 3 адам ем қабылдап жатыр. Олардың екеуі жұқпалы аурулар ауруханасында болса, бір адам қалалық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірдегі менингококк инфекциясының жағдайы бойынша баспасөз мәслихатында Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов облыста осындай 12 жағдай тіркелгенін айтты. 6 науқастың диагнозы зертханалық сынамалармен нақтыланды. Өңірде 4 адам бұл індеттен көз жұмған. Оның екі жағдайында диагнозы арнайы сараптамамен нақтыланды. Тағы екі жағдайдың зертханалық сараптама нәтижелері әлі дайын болған жоқ.
Мамандардың айтуынша, өңірде жағдай тұрақты. Бірақ халық көп жиналатын орындарда алдын-алу шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, індетке қарсы вакцина тек Алматы қаласында ғана сатылымда бар. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласы мен Алматы облысындағы жағдайды бақылау үшін бүгін осы өңірлерге іссапармен келеді деп күтілуде.