Талдықорғанда Мұқағали Мақатаевты еске түсіруге арналған "Бүгін менің туған күнім..." атты кеш өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы облыстық драма театрда ақын Мұқағали Мақатаевты еске түсіруге арналған "Бүгін менің туған күнім..." деген кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Асқар Наймантайдың жобасы бойынша бұл шара бұған дейін дәстүрлі түрде жыл сайын Алматыда қаласында өтіп келген болатын. М. Мақатаевтың "Райымбек, Райымбек!" поэмасы бойынша сахналанған қойылыммен Републикалық театрлар фестивалінде жүлде алған Б. Римова атындағы облыстық театр ұжымының өтініші бойынша биыл ол Талдықорғанда ұйымдастырылған болатын. "Райымбек, Райымбек!" қойылымымен басталған бұл шара ән мен жыр кешіне ұласты. Онда жоба авторының М. Мақатаевтың сөзіне жазылған жаңа әндер мен қайта өңделген немесе жаңа орындаудағы әндер айтылды. Биылғы кештің елді елең еткізген жаңалықтары - "Шарын" тобының "Раушан гүлі", "Ару" тобының Шалкөде", Сая Махамбеттің "Бала ғашық", Саят Әбдіғанидің "Ей, өмір", Нұрсаят Серікбаевтың "Өкпелейсің несіне тағдырыңа" әндері болды. Сондай-ақ бір топ өнер қайраткерлері "Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық" атағымен марапатталды. Олардың қатарында Бикен Римова атындағы облыстық театрдың бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов, Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстаның мәдениет қайраткері Кенжебай Темірбайұлы, Ғабит Мүсірепов атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы Ғабиден Жәкеев бар.