Талдықорғанда мұқтаж жандарға тауарлар тегін таратылуда
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында орналасқан дүкен мұқтаж жандарға тауарларын тегін таратуда. Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесі қалада орналасқан «Барлығы рахмет үшін» атты дүкенде болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік дүкен қала тұрғындарынан киім-кешектен бастап, ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажетті заттар мен ойыншықтарға дейін қабылдайды. Осылайша, дүкен күнделікті қолданысқа қажетті заттармен толығып, кейіннен оны мұқтаж жандарға тегін үлестірумен айналысады. Облысық Іскер әйелдер кеңесі шарапатты іспен айналысып отырған дүкен қызметімен танысып қана қоймай, әлеуметтік дүкенге кішігірім көмектерін ала келген.
«Біздің дүкен көп жандарға үміт, жылу сыйлап отырған орталыққа айналды. Қысқа ғана уақытта дүкен иесі қиын жағдайда қалған жандарға қолдау жасап отыр. Бұндай әлеуметтік жобаларды мемлекет те, халық та кеңінен қолдауы керек деп есептеймін», - деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мамила Мұсабекова.
Дүкеннің негізін қалаған Ажар Қыдыралинаның айтуынша, әлеуметтік дүкен құрылғанына 10 айдан асқан. Осы уақыт аралығында 200-ден астам отбасыға көмек берілген.
«Заттарды, киім-кешектерді өздері келіп ала алмаған отбасыларға жеткізіп бердік. Дегенмен, киімдерді бірден дүкеннен алып кететіндер көп. Сондықтан қорымыз таусылмас үшін бізге еріктілер мен қайырымды жандардың көмегі қажет. Қала тұрғындарын қайырымдылық жасауға шақырғым келеді», - дейді Ажар Қыдыралина.
Айта кетейік, әлеуметтік дүкен ашқан кәсіпкердің қол астында екі қызметкері бар. Олар қалалық жұмыспен қамту бөлімі желісімен жұмысқа орналасқан. Кәсіпкер келешекте тұрмыстық заттарды қайта кәдеге жарату бойынша жаңа жобаны қолға алмақ.