Талдықорғанда Наурыз мейрамы қарсаңында жәрмеңке өтті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда Наурыз мерекесі қарсаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған шараға Алматы облысының алты ауданы мен екі қаласының шаруалары келді. Талдықорғандықтарға 20-дан астам өнім түрі ұсынылды. Жалпы сомасы 35 млн теңгенін өнімі саудаланды.
Мерекелік дастарханға қажетті ет-сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан. Жалпы мұндай жәрмеңкелер екі жаққа да тиімді. Біріншіден тауарөндірушілер өз өнімін ешқандай делдалсыз халыққа ұсынса, тұрғындар сапалы, экологиялық таза өнімді арзан бағамен сатып алады.
Бұл жолғы жәрмеңке қаладағы «Оптмаркет» сауда орталығында өтті. 5 мың шаршы метрлік заманауи қоймасы бар кешенде шаруаларға барлық жағдай қарастырылып отыр. Жалпы мұндай тиімді сауда-саттық әр сенбі сайын аудан орталықтарында ұйымдастырылып келеді.