Талдықорғанда оқуға түсіремін деп талайды сан соқтырған алаяқ сотталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанның 54 жастағы тұрғыны жергілікті тұрғындардың бірін оқуға түсіремін деген желеумен одан қомақты қаржы алып, ізім-қайым жоқ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда оқуға түсіремін деп талайды сан соқтырған алаяқ сотталды

2017 жылдың шілде айында ол жоғары оқу орнына түсіруге көмектесемін деген сылтаумен тағы бір талдықорғандықтың 4500 АҚШ долларын иемденген. Бірақ ешқандай көмек көрсетпеген.

Жәбірленуші табанды талап етуінен кейін алған ақшасының бір бөлігін қайтарып ізін суытқан.

Жәбірленушінің арызынан кейін күдіктінің мекенжайы анықталып, қамауға алынған. ҚР ҚК 190-шы бабы, 3-ші бөлігі «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Соталды тергеу барысында күдікті кінәсін мойындап, қалған ақшасын толық қайтарған.

Жәбірленушінің кешірімі мен күдіктінің кінәсін мойындағаны ескеріліп Талдықорған қалалық соты кінәлі азаматқа 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. ҚР ҚК 63 бабы негізінде жаза «шартты» деп белгіленді. Сотталушы пробациялық бақылауға алынды.