Талдықорғанда өртенген сауда орталығынан 300-ден астам адам эвакуацияланды
«Шығын көлемі анықталуда. Өрттің неден шыққаны белгісіз», деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 12:55 ТЖД сауда кешенінің өртеніп жатқандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Жалынды сөндіруге Талдықорғанмен қатар жақын маңдағы аудандардың құтқарушылары да жұмылдырылды. 14:40 минутта өрт толықтай ауыздықталды. Қазір «Қарағаш» сауда орталығының маңы саудагерлерге толы. Олардың біразы заттарын шығарып, ары-бері тасып әлек. Кейбір саудагерлер құжаттарының да өртеніп кеткенін айтуда. Ал Талдықорған қаласының әкімдігі осы алапат өрт бойынша арнайы комиссия құралатынын айтты.
Айта кету керек, «Қарағаш» сауда орталығы осыдан тура 10 жыл бұрын өртенген болатын. Ол кезде тілсіз жау 2500 шаршы метр жерді күлге айналдырған еді.