17:26, 09 Мамыр 2017 | GMT +5
Талдықорғанда өткен аламан бәйгеде Қарасай ауданының сәйгүлігі топ жарды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін «Талдықорған» ипподромында Жеңіс күні мерекесіне арналған ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті. Дүбірлі доданың көрігін қыздырған «Аламан» бәйгеде Қарасай ауданының тұлпары топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүйріктің жүйрігі сынға түскен 21 шақырымдық «Аламан бәйгеде» қарасайлық Жомарт Сайболатовтың аты бірінші келіп, 1,5 млн теңгені қанжығалады. Ал алматылық Бекайдар Жапаровтың жылқысы екінші келіп, 1 млн теңгені жеңіп алды. Үшінші орын тағы да алматылық Сауран Ахметжановқа бұйырды.
Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам жүйрік қатысты. Бағдарлама бойынша тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы және 21 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын да көрермендер ризашылықпен тамашалады. Жалпы жарыстың жүлде қоры - 8 млн. теңге.