Талдықорғанда пəтер алаяғының соты басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда қалың көпшілікті шулатып, даудың басында қалған Дина Искакованың соты басталды.    

Талдықорғанда пəтер алаяғының соты басталды

Мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деп біраз тұрғынды тақырға отырғызды деген күдіктінің ісі қалалық сотта қаралуда. Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Аталған іске Дина Искаковадан өзге тағы 4 адамның қатысы бар екені анықталды.  Күдіктілердің төртеуіне ҚР ҚК 190-бабының 4 бөлімі 2-тармағы және бір адамға ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлімі 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр.

Істе 1988 жылғы  Малика Касымова,1996 жылғы Əлі Бамиший, 1984 жылғы Эржан Төлеухан, Жанаргүл Ибрагимова жəне 1986 жылғы Дина Искакованың ісін судья Анар Тоқтыбакиева қарап жатыр. Аталған іс бойынша 47 жәбірленуші шағымданған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дина Искакова жәбірленушілерге 200 млн теңгеден астам шығын келтірген көрінеді. Күдікті тұрғындарды мемлекеттік бағдарламамен баспана алып беремін деп алдап соққан. Пәтерден де,  ақшадан да айырылдық деп шырылдаған халық  ІІД-не арыз жазып, жүгінген болатын. Алайда, Дина Искакова сот залында заңсыз жолмен пəтер алам дегендер де жазаға тартылуы керек дейді. Процесс жалғасуда.