Талдықорғанда пәтер тонаумен айналысқан топ құрықталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында пәтер тонаумен айналысқан топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
4 ер адамнан тұратын топтың 16 пәтер ұрлығына қатысы бар екендігі дәлелденді. Анықталғандай азаматтар 1988-1992 жылы туылғандар. Олардың үшеуі бұрын ұрлық және қарақшылық үшін істі болған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олардың қылмыстық әрекеттері Талдықорған қаласының 2, 3, 4 және 5-ші ықшамаудандарында биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларында тіркелген. Қазіргі таңда ұрылардың келтірген шығын көлемі анықталуда. Дегенмен қолда бар мәліметтерге қарағанда, арызданушылардың шығыны 2 млн теңгеден асқан.
Қылмыскерлер пәтерлерге кілт таңдау арқылы кіргені анықталды. Негізінен зергерлік бұйымдар, ноутбуктер, көлемі үлкен емес бағалы заттарды қолды қылған. Күдіктілер зергерлік бұйымдарды жергілікті ломбардтарға өткізіп отырған. Ал қалған заттар хабарландыру арқылы өндірілген.
Қылмыстық топты Талдықорған ІІБ Батыс полиция бөлімшесінің қызметкерлері қолға түсірді. Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталуда. Сондай-ақ қаладағы ломбардтарға күдіктілердің түсініктемесі бойынша өткізілген зергерлік бұйымдарды айғақ зат ретінде қылмыстық өндіріске тіркеу және нақты иелеріне қайтару мақсатында сұраныс жіберілді.