Талдықорғанда пилоттық жоба негізінде жаңа пән енгізілді
Пәнді енгізудегі басты мақсат - мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беріп, өз болашағын жоспарлауға көмектесу. Сондай-ақ бизнес жүргізудің негіздері үйретіп, кәсіпкерлікке баулу.
«Дәріске мұғалімдермен қатар, бизнеспен айналысып жүрген жандар да қатысады. Жаңа бағдарлама бірнеше кезеңдерге бөлінген. Курс соңына қарай мектеп түлектері кәсіпкерлік негіздері бойынша базалық білімдері қалыптасады», - дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Качкарова.
Сарапшының айтуынша, теориялық біліммен қатар түрлі кәсіпорындарда тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Оқушылар табысты кәсіпкерлермен кездесіп, оларға шеберлік сыныптары өткізіледі. Кәсіпкерлік негіздері бойынша алғашқы сабақтардың біріне Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Александр Кузнецов қатысты. Ол оқушылардың қойған сауалдарына жауап берді.