Талдықорғанда сегізінші сынып оқушысын көлік қағып кетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда сегізінші сынып оқушысын көлік қағып кетті. Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәбірленушінің әкесінің сөзінше, оқушыны қаққан көлік жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Келеңсіз жағдай Талдықорғандағы Абай мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында сағат 07:45 минут шамасында болған. Қазір баланың ата-анасы әлеуметтік желі арқылы оқиғаны көрген куәгерлерді іздестіріп жатыр.
«Көлік қаққан оқушы бүгін таңертең балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Қазір оны хирургия бөліміне ауыстырамыз. Баланың еш жері сынбаған. Жағдайы орташа ауыр» - деді Алматы облыстық көпсалалы балалар ауруханасының директоры Марат Досқалиев.
Оқиға болған жерде бағдаршам да, жаяу жүргіншіге арналған жолақ та, бақылау камерасы да бар. Алайда жол ережесін сақтамаған жүргізуші жасөспірімді қағып қана қоймай, жедел көмек көрсеткеннің орнына бой тасалаған.
«Қазіргі таңда оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні іздестіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Ол үшін барлық қажетті шаралар қолға алынды. Нәтижесі бойынша жүргізушіге қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қолданылады. Жақын уақытта ізін суытқан азамат қолға түседі деген болжам бар»,- деді Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.