Талдықорғанда шетел азаматын өлтірді деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінен өлген адамның мәйіті табылды. Қазір осы қылмысты жасады деген күдікпен 48 жастағы талдықорғандық тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қанды оқиға 16 желтоқсан күні болған. Ал күдікті 20 желтоқсанда қолға түскен. Анықталғандай, қайтыс болған адам 56 жастағы Талдықорған қаласының тумасы екен. Ол бірнеше жыл бұрын шетел азаматтығын алған болып шықты.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында Талдықорған қаласының полицейлері 48 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті ауыр қылмыс жасағанын жасырмайды. Белгілі болғандай, екі азамат алкогольді ішімдік ішіп отырып, өзара келіспей қалған. Оқиға соңы адам өлімімен аяқталған. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша соталды тергеу жүріп жатыр», - деп мәлімдеді аталған ведомстводан.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.