Талдықорғанда суретшілердің халықаралық плэнері басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында шет елден және республиканың түкпір-түкпірінен жиналған суретшілердің плэнері басталды. Ауқымды шара Қазақстанның халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Талдықорғанда суретшілердің халықаралық плэнері басталды

Биыл ҚР Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің иегері, есімі Республиканың құрметті Алтын кітабына жазылған, Қазақстан өнерін дамытуға қосқаны үлесі үшін «Тарлан» сыйлығын алған Айша Ғалымбаеваның туғанына - 100 жыл. «Туған жерім - тұғырым» халықаралық кәсіпқой суретшілердің пленэрі осы мерейтой қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Шараның негізгі бөлігі Текелі қаласында өтеді. Суретшілер 10 күн бойы Жетісу жерінің әсем табиғатында шығармашылықтарын шыңдайды. Өзара тәжірибе алмасып, күздің әсем бояуларын бейнелейтін болады. Плэнерге Қырғызстан мен Қытайдан және Астана, Алматы, Павлодар қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан суретшілер келген. Алматы облысының қылқалам шеберлері де шарадан шет қалмақ емес.Плэнердің жабылу салтанаты 18 қазан, сағат 11:00-де Талдықорған қаласындағы «Оқушылар сарайында» өтеді. Қылқалам шеберлері осы күндер аралығында салған суреттерін Алматы облысы «Көркемөнер галереясының» қорына табыстайды. Жетісудың әсем табиғатын он күнге жуық бейнелеген қылқалам шеберлерінің жұмыс барысынан бейнероликтер жасалып, туындыларынан ұйымдастырылған көрме де көпшілік назарына дәл осы күні ұсынылатын болады.
null