Талдықорғанда терезеден құлаған бала ауруханадан шықты

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда екінші қабаттың терезесінен құлаған кішкентай Аруна Қуанышқызы ауруханадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда терезеден құлаған бала ауруханадан шықты

«Бүгін Аруна ауруханадан шықты. Денсаулығы бәрі жақсы», - деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Досқалиев.

Аруана Қуанышқызының денсаулығы енді біраз уақыт бойы дәрігерлердің бақылауында болады.

Естеріңізге сала кетейік, 15 мамыр күні Талдықорғанда мектеп жанынан ашылған шағын орталықтың екінші қабатынан 2 жасқа әлі толмаған бала құлап кеткен болатын. Екі күн комада жатқан сәбидің терезеден құлаған сәті бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Ал баланы терезеге өзі апарып шығарған тәрбиеші артынша жұмыстан шеттетілді. Оқиға қаладағы №19 мектеп-гимназиясында болған. Мектеп директоры Қайрат Сарқытовтың айтуынша, бала шағын орталыққа екі күн бұрын ғана қабылданған. Ал терезеден құлаған қыздың әкесі сол мектепте - дене тәрбиесінің, ал анасы - бастауыш сынып мұғалімдері.

«Бұл дерек бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша нақты процсесуалдық шешім қабылданатын болады. Осы жағдайға кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады», - деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.