Талдықорғанда тонаушы бейнебақылау камералары арқылы құрықталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған көшелеріне орнатылған бейнебақылау камералары қалалық дәріхананы тонаған ер азаматты қолға түсіруге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға өткен тәулікте болды. «Жастар» шағын ауданындағы дәріханалардың бірінен 340 мың теңге қолды болды деген ақпарат қалалық полиция қызметіне келіп түскен. Кезекшілер күдіктінің түр-сипатын шұғыл түрде жедел басқару орталығына жеткізген. Орталықтың инспекторлары оқиға орнының маңынан күдіктіні анықтап, нұсқау бойынша шыққан патрульдік полиция қызметкерлері 28 жастағы ер азаматты қолға түсірді. Тінту кезінде күдіктіден ұрланған қаржы табылды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық тексеру басталды.
Айта кету керек, жыл басынан бері Талдықорған көшелерінде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы 86 қылмыс ашылды. Оның ішінде 40 қылмыс тонау және ұсақ ұрлықпен байланысты. Жедел басқару орталығының мамандарының көмегімен жедел әрекет ету топтары 33 бұзақыны, 4 автокөлік ұрлаушыны, 2 зорлық-зомбылық көрсеткен адамды және 2 қарақшыны қолға түсірген.