Талдықорғанда “Туған тілім - тұғырым” деп аталатын өнер кеші өтеді
АЛМАТЫ. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Талдықорғанда ертең, қарашаның 11-і күні "Туған тілім - тұғырым" деп аталатын өнер кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бұл шара одан кейін қарашаның 17-сі күні Алматыда жалғасады. Оған ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл және Ерболат Құдайберген әулеті, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова, "Ду-ду" комедия театры және тағы басқа да өнерпаздар қатысады. Мақсат - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, мерейін үстем ету. "Тілі байланғанның жұдырығы түйіледі" демекші, бұл мәселені кім, қалай және қанша рет көтерсе де артық болмайды", дейді өнер кешін ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген "Алтын арқау" мәдени-этнографиялық бірлестігінің төрайымы Ғалия Қайдауылқызы. Ұлттың рухын көтеріп, тілін, дінін, салт-дәстүрін жаңғыртуды көздейтін бұл бірлестіктің құрылғанына биыл қазан айында 7 жыл толған еді. Ғ. Қайдауылқызының сөзіне қарағанда, олар енді аталмыш өнер кеші бағдарламасын алдағы уақытта Қызылорда мен Астана қалалары тұрғындарының да назарына ұсынбақ.