Талдықорғанда тұңғыш рет әлемдік деңгейде бокс додасы өтеді

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Өзбекстан елінің командасымен күш сынасады. 18 ақпанда  бүкіләлемдік бокс сериясының  жекпе-жегі  Талдықорған қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда тұңғыш рет әлемдік деңгейде бокс додасы өтеді

«Астана арландары» клубының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, біздің спортшылар  Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.  Команданың бас бапкері Нұрлан Ақүрпековтің айтуынша, өзбек боксшыларымен өтетін жекпе-жек оңайға түспейді. Былтырғы маусымда жартылай финалға дейін жеткен командада әлем және Олимпиада ойындарында жүлде алған боксшылар бар.

«Дәл қазір өзбек командасынан кімдердің шығатыны белгісіз. Біз барынша ақпарат жинап, әр салмақ дәрежесіндегі боксшылардың барлығына қарсы айла-тәсілдерімізді ойластырып жатырмыз. Өткен аптада олар Қытай командасынан ұтылды. Енді барын салатыны анық», дейді Н. Ақүрпеков.

18 ақпанда өзбекстандық командамен болатын айқастан кейін «арландар» 4 наурызда «China Dragons» командасын қабылдайды. Ал 18 наурызда ресейліктермен кездеседі.