Талдықорғанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтер алғандар шағымданып жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болған тұрғындар шағымданып жатыр. Айтуларынша, үйде ыстық су мүлде жоқ, ал суық су тек бесінші қабатқа дейін бар. Тоғызыншы қабатқа дейін ауыз су мүлдем жоқ. Газ да қосылмаған. Сонымен қатар, жаңа үйдің ауласы мүлдем абаттандырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін беруді уақытша тоқтатқанын айтты.
«6 шағын ауданда 171 пәтерлі үйдің 94-і баспаналарының кілттерін алды. Ал қалған пәтерлердің кілттерін беруді уақытша тоқтаттық. Негізі бізге жергілікті билік үйдің дайын болғандығы жөнінде хат жібереді. Біз сол қатынас қағазды алғаннан кейін кілттерді беріп бастадық. Артынан коммуналдық-шаруашылық мекемесінен кілттерді беруді тоқтатыңыздар деген қатынас қағаз алдық. Себебі, бұл мекеме өздерінің шешілмей жатқан мәселесі барын айтты», - деді Қуандық Нұрғалиев.
Талдықорған қаласының әкімдігі ыстық су мен газ халық 100 пайыз қоныстанғаннан кейін берілетінін айтты. Ал суық су мәселесі жақын арада шешілетінін жеткізді.
«Ауыз суға байланысты айтар болсақ, су бесінші қабатқа дейін ғана көтеріледі, ары қарай тоғызыншы қабатқа дейін жетпей жатыр. Су тартатын насос істен шыққан болатын. Осы аптаның ішінде су қосылады деп жоспарлануда. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл 171 пәтерлі үйдегі келеңсіз жайттардың өзіндік себептері бар. Мәселен, үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары мердігердің дұрыс жұмыс атқармауы себебінен тоқтап тұр. Қазір осыған байланысты сот процесі жүріп жатыр. Сот біткеннен кейін, келесі мердігер ол жерді жасайтын болады», - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.
Айта кету керек, 171 пәтерлі үйде бір бөлмелі пәтердің құны 5 млн 200 мың теңгеден басталады. Ал екі бөлмелі пәтерлер 7 млн теңгенің көлемінде. Яғни, баспананың бір шаршы метрі 140 мың теңге. 1 бөлмелі пәтерлер 39-45 шаршы метр. Тұрғындар бұл үйлердің құнын 25 жыл ішінде төлеп бітулері тиіс. Қазір үй иелері пәтерлерінде тұратындай жағдай болмаса да, екі айдан бері несиелерінің ақшасын төлеп жатыр. Және 94 адамның басым бөлігі жаңа үйлеріне көшіп келіп, тұрып жатыр. Пәтерлерінде суық су болмағандықтан тұрғындар даладағы дәретханаға барады.
Айта кету керек, Талдықорғанда қоныс иелерінің наразылығын тудырған 171 пәтерлі үй «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған болатын.
