Талдықорғанда түркітілдес өнерпаздар бас қосты

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарт - Жетісу жерінде тұңғыш рет «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі өтті. Отандық және шетелдік өнерпаздар ұсынған гала концертті жетісулықтармен бірге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда түркітілдес өнерпаздар бас қосты

Ауқымды шараға тегі Түркі саналатын бірнеше елдің яғни, Түркия, Түрікменстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Якутия мен Тувадан белгілі өнер майталмандары қатысты. Мәселен, халық Тыва Республикасының әншісі Игорь Кошкендейдің өнеріне ерекше тәнті болды. Ол көмеймен ән салудың алты түрін жетік меңгерген. Тағы бір таңғажайып талант иесі Саха елінен келген Юлияна Кривошапкина. Оның шаңқобызбен орындаған әуені талайды таңдай қақтырды.

«Фестивальге қатысуға бірден келісімімді бердім. Себебі, өзім де Қазақстанда өнер сапарымен жүр едім. Сәті түсіп тұрғанда Жетісу жұртының алдында өнер көрсеткім келді», дейді Юлияна Кривошапкина.

Түркиялық өнерпаз Ирфан Гюрдалға да ел риза болды. Ол жетісулық көрермен алдында алдымен ана тілінде ән салды. Түрік әншісінің ән қоржынында қазақтың 10-ға жуық әні бар екен.

Түркі әлемінің әуезді шығармалары орындалған концерттің қызықты, мазмұнды өткені соншалық көрермен ұйып тыңдап, алақандарын шапалақтаумен болды. Жетісу жерінде ұйымдастырылған түркі музыкасының фестивалі келесі жылы да өтеді деп жоспарланып отыр. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Мақсаты - ұлттық өнерді ұлықтау, фольклорлық жанрды кеңінен насихаттау, этнографиялық ұжымдардың өзара шығармашылық байланысын дамыту. Фестивальге «TURKSOY» Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы мен жергілікті билік қолдау көрсетті.