Талдықорғанда жаңа туған нәрестенің бауырына ота жасалды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорғанда дүниеге келгеніне екінші күн болған нәрестеге ота жасалды. Алматы облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері сәбидің бауырынан жылауықты (киста) алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубакірованың айтуынша, баланың бауырында киста бар екені анасының жатырында жатқанда анықталған.
«Анасының жатырында жатқан сәбидің бауырына киста жабысқаны сегізінші айында анықталды.Бірақ баланың өміріне қауіп төнбегендіктен дәрігерлер отаны нәресте дүниеге келгенде жасауды шешкен. Сәби 24 қаңтар күні туылды. Бүгін ота жасалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты», - деді аталған ведомстваның өкілі Л.Әубакірова.
Маманның сөзінше, операция барлығы сәтті өткен. Анасының да, баланың да жағдайы жақсы.