Талдықорғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс өршіп тұр
Жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық тәртіп сақшылары білім басқармасының қызметкерлері, мектеп директорлары және мектепке дейінгі білім беру мекеме жетекшілерімен кездесті. Басты мақсат - оқушылар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу.
«Биылғы жеті айда кәмелет жасына толмағандар арасында 39 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11 фактіге артық», - дейді полиция басқармасының басшысы А. Нұрсапа.
Сондай-ақ, оның мәліметінше, қала аумағында жасөспірімдерге бағытталған 5 жедел алдын-алу шарасы ұйымдастырылған. Нәтижесінде әртүрлі құқық бұзу фактілері бойынша 634 жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізіліп, 445 хаттама толтырылды. ҚР ӘК 442-бабы, 2-тармағы бойынша, яғни балалардың түнгі уақытта заңды өкілісіз жүргені үшін 287 хаттама жазылды. Кәмелет жасына толмағандарға алкоголь өнімін сатқан 12 жағдай тіркелген. Қала жолдарында балалардың қатысуымен 37 жол-көлік оқиғасы болған. Бір бала қайтыс болып, 40 жасөспірім жарақат алған.
Кездесу соңында тараптар арасындағы байланысты күшейту мәселесі көтерілді. Ата-аналар мен мұғалімдер, полиция қызметкерлері және әлеуметтік педагогтар мен психологтар бір-бірімен сенімді әрі тығыз қарым-қатынаста болуы тиістігі айтылды. Ювеналды полицейлер мен жол-патруль полицейлердің, учаскелік инспекторлардың ата-аналар жиналысына қатысуы міндеттелді. Сондай-ақ тәртіп сақшыларына мектеп маңында таңертең және екінші ауысым кезінде кезекшілік жүргізу тапсырылды.