Талдықорғанда «Жетісу» волейбол клубының жаңа құрамы таныстырылды

2001 жылы құрылған команда сапы жас спортшылармен толықты. Жаңа ойын маусымы алдында клубтың ерлер және әйелдер командаларына құрмет көрсетіліп, ойыншыларды жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды.
Жалпы «Жетісу» әйелдер командасы еліміздің жеті дүркін чемпионы және сегіз дүркін Қазақстан кубогының иегері. Қазақстанның ұлттық құрама сапында жетісулық 5 волейболшы қыз өнер көрсетеді.
Ерлер және әйелдер командаларын Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы облыстық волейбол федерациясының президенті, облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, спортшыларға жаңа маусымда сәттілік тіледі.
Салтанатты жиында әрбір волейболшының есімі жеке аталып, сахна төріне шақырылды. Ойыншылар өз кезегінде волейбол добына аты-жөндерін жазып, қолдарын қойып көрермендерге таратты. Жалпы Алматы облысында осы спорт түрімен 83 мың айналысса, 325 бапкер осы салада еңбек етеді. «Жетісу» командасының атауы енді барлық жерде латын әріптерімен жазылады.