Талдықорғанда жыл басынан бері 1684 алаяқтық дерегі тіркелді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласы бойынша жыл басынан бері 1684 алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге аз, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда жыл басынан бері 1684 алаяқтық дерегі тіркелді

Осыған байланысты Талдықорған қалысының полиция қызметкерлері халықты қырағы болуға және алаяқтардың айла-амалдарынан сақ болуға шақырады.

«Жыл басынан бері Талдықорған қаласы бойынша 1684 алаяқтық әрекет тіркелді. Оның 500-ден астам дерегі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Ал 1040 іс аяғына дейін жеткізілді. Алаяқтықтың 400-ге жуық дерегі ауыр және аса ауыр санатына жатады»,- деді Талдықорған қалалық полиция басқармасының өкілі Қайрат Баймұханов.

«Дегенмен, қала тұрғындары мен қонақтары қырағы болуы қажет. Бізге соңғы уақытта Instagram, ОЛХ, Колеса, Крыша платформаларында жасалған, өздерін банк қызметкерлері және т. б. ретінде таныстырған алаяқтық әрекеттері бойынша жиі хабарласады. Алаяқтардың жұмыс схемасы әртүрлі. Егер біреуі әлеуметтік желіде әрекет етсе, енді бірі желілерде жарнама орналастырады. Ал кейбірі ақша картасын пайдалану арқылы арам ойын іске асырады. Барлықтарыңыздан жеке деректеріңізді, сондай-ақ банк карталарының деректерін бейтаныс адамдарға хабарламауларыңызды сұраймыз. СМС-хабарламадағы кодты банк қызметкерлеріне де хабарламаңыз және айтпаңыз. Өзіңізді және мүлікіңізді алаяқтардан қорғаңыз!»,-деп толықтырды полиция подполковнигі Баймұханов.