Талдықорғандағы өндірістік нысанда өрт шықты
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы өндірістік нысан аумағында мазут құйылған ыдыс өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төтенше жағдай Алматы облыстық ТЖД кезекші бөліміне 14 сәуір 15.40-та тіркелді.
Талдықорғанда автомобиль дөңгелектерін өңдейтін кәсіпорын аумағына бірінші жеткен өрт сөндірушілер көлемі 3 текше метр резервуардың өртеніп жатқанын анықтаған. Тергеу барысында ыдыста 0,2 текше метр мазут қалғаны белгілі болды.
Алматы облысы өрт сөндірушілерінің жедел әрекетінің арқасында тілсіз жаудың басқа да нысандар мен ғимараттарға көшуіне жол берілмеді. Өрт 16.02 минутта толық сөндірілді.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жалынмен күресуге жеке құрамнан 30 адам мен 10 техника жұмылдырылған.
Ал жалынның тұтануына жұмысшылардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы себеп болған.
