Талдықорғандағы жобалау институтына Жүсіп Жәнекеновтің есімі берілді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы «Қазгидроводхоз» институтының Алматы облысындағы филиалы бұдан былай Жүсіп Жәнекеновтің атымен аталады. Осы мекемеде Ж. Жәнекенов 40 жылдан астам еңбек еткен еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісу өлкесіндегі су шаруашылығының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтың тас мүсіні осы мекеме алдына орнатылды. Ж. Жәнекенов көзі тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Шараға білікті маманның туған-туыстары, дос-жарандары қатысты. Сөз сөйлегендер елге жасаған еңбегін еске алып, азаматтық ұстанымына баға берді.
Жүсіп Рысқалиұлы Батыс Қазақстан облысында туғанымен бүкіл күш-жігерін Жетісудың су шаруашылығы құрылыстары мен ғимараттарын жобалау жұмысына арнады. Мәселен, оның тікелей басқаруымен бұрынғы Талдықорған облысы бойынша 1990 жылы 303 мың гектар суармалы жер игерілді. Елді мекендерге 5 мың шақырым ауызсу жүйесі тартылды. «Құндызды», «Көлтабан», «Қызылағаш», «Қоңыр өлең» ауылдарында жауындатқыш арқылы жер астынан су шығарып, егістік салған Жүсіп Жәнекенов болатын деп еске алды жиналғандар.