Талдықорғандық хоккейшілер әлем чемпионатына дайындық үстінде

Спортшылар Талдықорғанда Мәжіліс депутаты, Қазақстанның көгалдағы және индоорхоккей федерациясының президенті Серік Үмбетовпен кездесті. Федерация президенті спорттың осы түрін дамытуға Алматы облыстық бюджетінен 76 млн теңге бөлінгенін және алдағы уақытта қосымша қаржы қаралатынын жеткізді.
«Қос құрама әлем чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Федерация басшылығына көп рахмет. Біздің алдымызда әлемнің ең мықты 6 командасының қатарына кіру міндеті тұр. Үмітті ақтауға тырысамыз», - дейді «Бесарыс» әйелдер ұлттық құрама командасының капитаны Наталья Гатауллина.
Дәл осы спорт түрлерінің дамуына Алматы облысында барлық жағдай жасалған. Көгалдағы хоккей ойнайтын алаң Қазақстанда бірінші болып Талдықорған қаласында салынды. Барлық халықаралық стандарттарға сай спорт кешені спортшылардың биік жетістіктерге жетуіне мүмкіндік берді. Талдықорғанда құрылған «Бесарыс» клубы негізінде Қазақстанның құрама командасы жасақталған. Кәсіпқой клуб Қазақстан мен Азияның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Қазіргі таңда Алматы облысында 300-ге жуық спортшы көгалдағы хоккеймен айналысады.