Талдықорғандық Қанатбек Ержанов 25 жыл қан тапсырып келеді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының тұрғыны, Қазақстанның құрметті доноры Қанатбек Ержановтың тұрақты түрде қан тапсырып жүргеніне 25 жылға жуықтады. 

Талдықорғандық Қанатбек Ержанов 25 жыл қан тапсырып келеді

Оның айтуынша, ол жылда 4 рет қан өткізіп тұрады және мұны азаматтық парызым деп санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

-  Алғаш қан тапсырған күніңіз есіңізде ме?

-  Ия есімде. Алғаш 1993 жылы қан тапсырдым. Содан бері әр жыл сайын 4 реттен донор боламын. Осы уақытқа дейін шамамен 40 литрге жуық қанымды тапсырдым.

-  Қан тапсыру сіз үшін қаншалықты маңызды?

- Оны өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Қанға мұқтаж болған жандарға аз да болса көмегім тисе - мен үшін қуаныш. Бір адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосқаным үшін бақытты сезінемін.

  - Донорлық адамның денсаулығына қалай әсер етеді?

- Бұл біріншіден, қанды қажет еткен адамға көмек болса, екіншіден, өз денсаулығыңа пайдалы. Қан жаңарады. Ағза тазарады. Адам өзін жеңіл сезініп, жасара түседі. Қан қысымы және жүрек ауруларымен ауырмайсың. Қан жаңарса, көңіл-күйің де жақсарып, күш-қуатың арта түседі. Менің қан тапсыру уақытым жақындағанда денем ауырланып, көңіл-күйім болмай, мазам кетеді. Қан тапсырғаннан кейін өміріме өмір қосылғандай әсерде боламын, жұмысыма ерекше құлшыныспен келемін. Одан кейін психологиялық сабырлыққа, төзімділікке жақсы көмек береді.

  - Сіз Қазақстанның құрметті донорысыз. Өзіңізді қоршаған адамдар қалай қабылдайды?

- Жүрген жерімде туыстарымды, әріптестерімді, жерлестерімді қан тапсыруға үгіттеп, шақырамын. Себебі, бұл абыройлы іс. Науқас адамға көмектесіп, апатқа ұшыраған азаматтардың өмірін сақтап қалу, жалпы қанға мұқтаж жандарға қол ұшын беру - дені сау азаматтардың отандастары алдындағы парызы деп бағалау керек. Әрбір қан тапсыру кезінде бізден анализ алып отырады. Сол сараптаманың нәтижесі жақсы болған сайын өзің де қаныңды тапсыра бергің келеді.

Айта кетейік, 18 жасқа толған денсаулығында кінәраты жоқ кез-келген азамат қан тапсыра алады. Қанатбек Ержанов қан тапсыру абыройлы іс екенін есте сақтап, «көмекке зәру азаматтарға қол ұшын созуға шақырамын», деп сұхбатын аяқтады.