17:58, 04 Қараша 2017 | GMT +5
Талдықорғандық кәсіпкер жағдайы төмен отбасыларға көмір түсіріп берді
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен, Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкер Талғат Омарқұлов қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Талғат тұрмысы төмен 7 отбасының үйіне көмір түсіріп беріп, олардың алғыстарын алды. Солардың бірі Ерлан Шалипбаев қуанышын жасыра алмады.
«Аяғым жоқ, көріп тұрсыздар. Алатыным жиырма мың теңгеден астам ғана төлемақы. Өзім пәтерде тұрамын. Бүгінгі Талғат бауырымның маған деп әкелген сыйы үшін зор алғыс айтамын. Басымдағы бір мәселе болса да азайғаны мен үшін қуаныш. Алғыстан басқа айтарым жоқ», - деді ол.
Талғаттың өзі мұндай қайырымдылық шараларын жиі жасап тұратынын айтып, адамдардың разылығын алғаны үшін қуанышты екенін жасырмады.