Талдықорғандық кейуана пәтер кезегінің жылжымайтынына наразы

  ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандық қарияның үй кезегінде тұрғанына 10 жыл болды. 74 жастағы Бишікен Белгенова бірінші топ мүгедегі ретінде 2007 жылы баспана кезегіне тұрған. Содан бері  пәтерден-пәтерге көшіп, жан бағуда. Алайда қазіргі пәтерінің иесі үйін сатамын деген соң кейуана шарасыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғандық кейуана пәтер кезегінің жылжымайтынына наразы

Қария  «Күміс алқа» иегері ретінде де еш жеңілдіктің жоқтығына қыңжылады. Бишікен әжей отағасы Айткен екеуі балаларына салмақ салғысы келмейді.

«Иелері сатамыз деп отыр. Кімнің есігін тақылдатамын. Баратын жер де болмай қалды. Сөздің шынын айтқанда, әкімдік болсын, «Нұр Отан» болсын дәу палатка берсін. Соған отырамын», - дейді талдықорғандық Бишікен Белгенова.  

Ал әкімдіктегілер баяу да болса қарт ананың кезегі жылжып жатқанын айтады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Олжас Аллабергеннің айтуынша, қария 2007 жылы кезекке 370-ші болып тұрған. Қазіргі кезегі - 273. Демек он жылда кезек 97 адамға жылжыған.

Осындай қарқын болса Бишікен әжей өз үйін 30 жылдан кейін алуым ғажап емес деп уайымдап отыр. Бір ғана жұбаныш - балалары,  немерелері келіп, үй шаруашылығымен көмектесіп тұрады.

Айта кетейік, Талдықорғанда баспана кезегінде 15 мыңға жуық азамат тұр. Олардың ішінде 1263 адам 1-ші және 2-ші топ мүгедектері.

null