Талдықорғандық оқушылар кинологтарға саяхаттап барды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алматы облыстық ІІД Кинологиялық қызмет орталығының жұмысымен танысып қайтты.
Шара «Отбасының шығармашылық күні» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Балаларды кинологиялық қызметтің қызметкері полиция майоры Ерлан Мусапиров қарсы алып, қызметтік иттердің полиция қызметкерлеріне қандай жағдайда көмектесетіні туралы айтып берді. Және де төрт аяқты көмекшілердің қатысуымен өткен арнайы операциялардың бірін үлгі ретінде келтіріп, жаттығуға қажетті құралдарды көрсетті.
Саяхат кезінде балалар кинологтардың қызметі және иттердің қандай түрлері қолданылатыны, оларды қалай тамақтандырып, емдейтіні туралы мағлұмат алды. Оқушылар үшін неміс овчаркасының қылмыскерді ұстау барысы іс жүзінде көрсетілді. Осы төрт аяқты полиция көмекшілерінің басты қаруы, олардың есту және өткір иіс сезу қабілеттері, қуатты азу тістері болып табылады.
«Кинолог мамандығы - өте керемет мамандық. Табысты жұмыс үшін кинологтарға қуатты белсенділік пен күш-жігер қажет, сол уақытта шыдамды болып, итке өзінің көшбасшылық қабілетін көрсете алу керек. Ол өзімен бірге жұмыс жасайтын иттің тұқымы жайлы, оның ерешелігі мен мінезін жақсы білуі керек. Мен иттерді 7 айынан бастап үйрету керектігін және де кинологиялық орталықта әр ит өзінің мінезіне байланысты белгілі әрекетке үйретілетінін білдім. Мысалға, лақап аты Рэм атты ит қылмыскерді ізі бойынша іздесе, Фокс атты ит тек қана есірткі заттарын іздейді»,- деп бөлісті өзінің саяхаттан алған әсері туралы 7 «А» сыныбының оқушысы Ажар Абитаева.
Кездесу соңына қарай балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Саяхат үшін алғыстарын білдіріп, полиция қызметкерлеріне және оның көмекшілеріне табыс тіледі.