Талдықорғандық волейболшы қыздар Қазақстан кубогының ширек финалында қарсылас шақ келтірмеуде
АЛМАТЫ. 6 қараша. ҚазАқпарат - Қарағандыда өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасында Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындарында Ұлттық лигадағы ел чемпиондары қарсыластарын қоғадай жапыруда.
Олар алғашқы 4 кездесуде де қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, ең жоғары 12 ұпайға қол жеткізді. Одан кейін 9 ұпаймен «Алматы», «Астана», «Қарағанды» командалары үзеңгі қағыстырып қатар келе жатыр. Павлодардың «Ертіс-Қазхромы» 6 ұпаймен бесінші, 3 ұпаймен қостанайлықтар алтыншы және қоржынында бірде-бір ұпайы жоқ Теміртаудың «Спартак АМТ» мен Астананың ««Грация Астана KZ» командалары турнир кестесін түйіндеуде.
Барлық команда бір күндік үзілістен кейін ертең қалған жарысты ары қарай жалғастырады. Енді талдықорғандықтарды ешкім қуып жете алмауы мүмкін. Ал одан кейінгі 3 команда 2-3 орынға таласатын болады. Кеше 3-тен 2-сатыға көтерілген алматылықтардың ертеңгі сында өз орнын сақта қалуы қиынға түспек. Оның орнына «Қарағанды» мен «Астана» арасындағы кездесудің жеңімпазы көтерілетін болады. Өйткені алматылықтар бұған дейін қарағандылықтарға 1:3 есебімен есе жіберген болатын. Сондықтан олар бейсенбі күні астаналықтардың осал тұсын табуға бпарлық күшін жұмсауы тиіс. Сонда ғана үздік үштікке ене алады.