Талдықорғандықтар Наурыз мерекесін тойлады
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласындағы әз-Наурыз мейрамы «Бұлақ көзін ашу» рәсімімен басталып, шаралар «Жастар» саябағы маңында арнайы тігілген киіз үйлер қалашығында жалғасты,деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» мерекелік шарасында жүздеген қала тұрғыны мен қонақтары облыстық мекеме-ұйымдар ұйымдастырған киіз үйлер қалашығының алдына қойылған түрлі көрмелерді тамашалады. Атап айтқанда, халық дәстүрлерінің көрмелері, қолөнер және қылқалам шеберлерінің «Шеберлер ауылы», балалар көркемөнер мектебі тәрбиеленушілері туындыларының, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық-мәдени орталықтарының «Достық алаңы» көрмелері, сол сияқты кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысандарының «Қазақстанда жасалған» көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық спорттық ойындарды өткізуге арналған алаңдар ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Амандық Баталов киіз үйлер қалашығының алдында ұлттық салт-дәстүрлер рәсіміне қатысып, жас нәрестелердің тұсауын кесті.
«Жастар» саябағындағы сан қилы мазмұндағы көрмелермен танысқан облыс әкімі Амандық Баталов үлкен сахнаға шығып, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.
"Бұл мереке Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл саналуымен қатар, ежелден жаңару мен жаңғырудың, береке мен молшылықтың символы ретінде қалыптасқан. Тамыры тереңнен нәр алған осынау жалпыхалықтық құндылықтар бүгінгі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміздің дамуына мықты іргетас болып отыр", - деді А. Баталов.
Бұдан әрі облыс басшысы мемлекет қолдауының арқасында Алматы облысы тұрғындарының әл-ауқаты артып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгеріліп келе жатқанындығын тілге тиек етті. Қол жеткен жетістіктердің мысалы ретінде күні кеше ғана облыстың екі миллионыншы тұрғынының дүниеге келгенін атап өтті.
"Біздің бүгінгі басты мақсатымыз - Президент алдымызға қойған тапсырмаларды, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру. Бұл орайда мақсаттарымызға облыс тұрғындарымен бірге жұмыла жұмыс істеудің арқасында жететінімізге сенімдімін", - деді.
Мұнан кейін облыс әкімі жетісулықтарға ізгі тілегін білдірді.
"Наурыз мерекесінде ақ дастарқан дәмге толып, үлкендер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле-жала жерге енсін!» деп ақ бата берген. Осындай шынайы тілек, ізгі лебізден асқан жақсы сөз бар ма?! Сондықтан баршаңызға мықты денсаулық, бейбіт өмір мен молшылық тілеймін!"- деді сөзінің қорытындысында

