Талдықорғандықтар Наурыз мейрамын ерекше атап өтпек

Шара «Наурыз ауылы» - «Дәстүрімді жаңғыртқан - Тәуелсіздік» атты облыстық және қалалық мекемелердің қазақ үй көрмесі және ұлттық дәстүрлердің көріністерімен шымылдық түреді. Мереке ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесіне ұласады. Сондай-ақ, "Қазақстанда жасалған", "Достық алаңы" атты көрмелер өтеді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Ал, Наурыз мерекесінің салтанатты бөлімінде театрландырылған көрініс, эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама халық назарына ұсынылады. Кеш соңы жастарға арналған би кешімен қорытындыланады.
Айта кету керек, Алматы облысында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралардың онкүндігі өтіп жатыр. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбайдың мәлімдеуінше, Наурызға арналған онкүндік 12 наурызда басталып, 24 наурызға дейін жалғасады. Оның ерекшелігі, жеті бағытта жүреді. Атап айтқанда: «Бірлік», «Қайырымдылық», «Құрмет», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Үлгі», «Денсаулық», «Ұлыстың Ұлы күні Наурыз». Мәселен, «Бірлік» бағыты бойынша Қаратал ауданына Оңтүстік Кореядан делегация келеді деп жоспарланып отыр.