Талдықорғанның орталық атанғанына 20 жыл – Амандық Баталов қаланы көруге шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру шешімінің қабылдағанына 20 жыл толды. Осыған орай, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қала туралы естеліктерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Талдықорғанның орталық атанғанына 20 жыл – Амандық Баталов қаланы көруге шақырды

«Өзім Талдықорғанға 2001 жылы алғаш келгенмін. Сол кезде Талдықорғанның қандай болғаны әлі де көз алдымда. Қазір көп адам Талдықорғанға келгенде қаланы танымай жатады. Оның орналасқан жері де керемет, жер жәннаты – Жетісудың орталығы, ондай қаланың жаман болуы мүмкін емес. Қаншама қаржы бөлінді, Елбасы көмектесті, қазір де Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен бірталай жақсы іс атқарылып жатыр», - деп жауап берді А. Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілші сұрағына.

Әкімнің айтуынша, сол кездегі халық саны 97-98 мың болса, қазір 200 мыңға жеткен.

«Бірқатар өндіріс, тұралап қалған зауыттар қайта қалпына келіп, жұмыс істеп жатыр. Қаншама шағын және орта бизнес мекемелері бар. Салыстырмалы түрде, ШОБ өнімдердің бағасы сол кезде 2,5 млрд теңгеге бағаланса, қазір 280 млрд теңгеге жетті. Жаңа көшелер абаттандырып, жаңа үйлер, шағынаудандар салынды. Әрқашан мақтанышпен айтатын театрымыз бар, Салтанат сарайы бар, Тіл сарайы бар, спорт сарайлары салынып жатыр. Келесі айдың аяғында Олимпиада ойындарын өткізуге жарайтын үлкен Су сарайын іске қосайын деп жатырмыз. Одан басқа қаншама мектеп, ауруханалар салынды. Қаламыздағы көпбейінді аурухана ең заманауи 5 аурухананың қатарына кіреді. Сондықтан, келіңіздер, Талдықорғанның 20 жылда қалай өзгергенін көріңіздер, біз сіздерге соның бәрін көрсетуге әзірміз», - деді Амандық Баталов.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» онлайн баспасөз конференциясы өтіп жатыр.